Коронавирус сабақтары. 1- сабақ. Алғыс айту

Хожамуратова С.Г.,

Халықаралық ақпараттандыру

Академиясының академигі,

«МИР через ДУХОВНОСТЬ»

Қоғамдық  бірлестігі

Қазір бізді көп нәрсе ойландырады: айналымызда не болып жатыр, біз неден айырылып, неге ие болдық. Осы сәтте менің ойыма бір шығыс даналығы келеді: «Ешкім саған дос емес, ешкім саған қас емес. Бәрі саған ұстаз». Ендеше мен мынаны түсінуге тырысып келемін: Коронавирус  біздерге қандай сабақ бермек? Біздер сол сабақтан не алып шығуымыз керек? Осы сұрақтар мені мазалап жүргенде бірінші сабақтың тақырыбы өзінен-өзі келе қалды: Алғыс айту. Ендеше алғыс айту сабағымен мен сіздермен  бүгін бөліскім келеді.

 

Кешіру және алғыс білдіру. Бұлардың таң қалдыратын күші неде?

 

… Өткен жаздың соңында менің үйімде гүл шоғы отырғызылған қыш құмыра пайда болды. Гүлдер көз тартатындай әдемі болды. Бірнеше айдан кейін гүлдер кеуіп, көп ұзамай жапырақтары да түсе бастады. Күз келді, деп өзімді жұбаттым мен.  Енді бір қарасам: топырағы қыртыстанып қатып қалып,  жіңішке сабақтары ғана қалған екен… Айтуға да ұят, біраз уақыт бойы мен бұл гүлге су құюды ұмытып та кетіппін. Кенеттен сол сәтте келген бір ой мені таң қалдырды: жазда менің үйімде гүлдер ғана емес, жаңа өмір мен оған жаңа жауапкершілік пайда болды деген. Сасқанымнан, кеуіп қалған  бұтақтан кешірім сұрап, гүлдер өз уақытында сонша қуаныш әкелгені үшін алғысымды айта бастадым. Маған сеніп тапсырылған Өмір үшін жауапкершілікті сезінуім кеш болса да терең болғаны соншалықты, ең болмаса тамырлар әлі құрғап үлгермеген шығар деген  үміт пайда болды. Сол үміт жансыз бұтадан үнемі кешірім сұрап уақтылы суарып тұруға әкелді. Арада біраз уақыт өтті… Бір күні қайта жанданған өмірдің алғашқы белгісі – кішкентай бүршік – мені тебірентті. Қазір, сәуір айының басында, үш жарқын қызғылт гүлдің түйнегі күш алып келеді. Уақыт өте келе бір шоқ гүл менің жүрегімді қаунышқа бөлейтініне сенімдімін…

Осылайша, бір қарағанда нәзік және әлсіз болып көрінетін гүлдер қарапайым және тартымды түрде кешіру мен алғыс айтудың күші неде екенін маған түсіндіріп жеткізді. Осыдан алғыс білдіруді  ең алдымен табиғаттан үйренсек болады екен деген ой келді.

Ең бастысы, алғыс шын жүректен шығуы тиіс, өйткені біреуіміздің шынайы алғысымыз келесі адамның да шынайы алғыс білдіруіне ықпал етеді. Өйткені, алғыс дегеніміз – өте қуатты энергия, ал алғыс айту – ол  кем дегенде екі адамның немесе адам мен жануар және т.с.с. арасындағы энергия алмасу үдерісі. Осыларды түсіне келе мен неге үй жануарларына жақсы есімдер беріп, олармен жылы сөйлесетінімізді… Неге мұсылмандар малды бауыздар  алдында одан кешірім сұрайтынын ұға бастадым.

Мәселен, екі көрші картопты шамамен бірдей жер теліміне отырғызады дейік.  Неге күзде олардың біреуі көп өнім алады, ал екіншісі – аз? Өйткені олардың біреуі өзінің жер телімін жанды Жер-ана ретінде қабылдап, оған алғыс айта отырып, шынайы қамқорлықпен өңдейді, ал екіншісі де қажетті түрде жерін өңдеп, суарады, бірақ олардың барлығы амалсыздықтан жасалады. Өзара қатынастықсыз. Ендеше, ой мен ниеттегі айырмашылық олардың еңбек нәтижелеріндегі айырмашылыққа әкелітінін де түсіндім.  

Жалпы, алғысты жылы сөзбен ғана емес, сондай-ақ оймен жақсылық тілеу, жылы көзқарас таныту, жарқын күлкі, құшақ жаю, кешіру, қабылдау, түсіну түрінде де білдіруге болады.

Барлығымызға оңай түспей отырған осы күндердің бірінде маған бейтаныс біреу есігімің алдына шағын қорапты қойып кетіпті. Оның ішінен азғана картоп, пияз, қызылша, сәбіз, шай шықты. Мен осы өнімдерді маған кім бергенін анықтаған да жоқпын. Онда қанша және не  салынғанын санау да ойыма  келмепті. Мен сол бейтаныс жанашырыма алғыс айтып, бұл шағын қорапқа шексіз сүйіспеншілік сыйғанын отбасыма түсіндірдім. Бір адам екінші адамның шынайы сезімін жүрегімен қабылдай алады емес пе?!

Бірде мен үйге ет салып істелген шағын бәліш әкеле жаттым. Жолдан өтіп жатып мешіттің алдында қайыр тілеп отырған бір әйелдің қолындағы 3-4 жастағы қызға көзім түсті. Қыздың біраздан тамақтанбағаны көрініп тұр. Мен оған күлімсіреп еңкейдім де, қолымдағы бәліш салынған контейнерді бердім. Сол сәтте бүлдіршіннің мұң толған көзінде қуаныш нұры жарқ етті.  Сол сәт мен де жүрегімді көпке дейін жылытып, нұрландырды…

Біздің эстрадамыздың жас жұлдыздары 8- Наурызда сауда орталығында, метрода, саябақ алаңында  әйелдерге гүлдер таратып жүріп ән шырқай бастағаны сол-ақ еді,  бір-бірімен таныс емес адамдардың барлығы бір-біріне күлімсірей қарап, әнге қосыла кетті. Бұл өзара алғыстың жарқын көрінісі. Сол жердегі адамдардың жүректерін жалғастырған сәт…

Иә, ешқашан қайғы-қасірет біреудікі ғана болмайды. Тап солай қуаныш та біреудікі ғана бола алмайды. Осыны біздер қазіргі уақытта жүрегімізбен қайта сезіне бастадық. Біздің әрқайсымыз қоғаммен тығыз байланыста екенімізді.  Қоғам адам үшін өте маңызды екенін. Біз тіпті бір сәтке де қоғамнан тыс болуымыз  ешқашан мүмкін еместігін. Тумысымыздан берілген адами қасиеттерді қоғамда ғана жарыққа шығара алатынымызға қайтадан көзіміз жетті.  Ендеше біздер бір-бірімізге жылулық сыйлап, әрбір қолдау көрсетіп қамқорлық білдірген адамға Алғыс айтып риза болғанда ғана өзімізге және ертеңгі күнімізге сенімді болатынымызды қайта сезіндік. Сонда Ертеңгі күніміз де бізге сенім танытатынын түсіндік.

Қолымыздағы барға шүкіршілік етіп, алғысымызды білдірген сайын біз өз өмірімізге одан сайын алғыс айтуға тұрарлық нәрселерді тарта бастаймыз. Шағын шаңырақ астындағы отбасымызға, үлкен шаңырақ астындағы елімізге және Ұлы шексіз шаңырақ астындағы бүкіл әлемге молшылық, денсаулық және бақыт шақырамыз.

Осыдан, коронавирустың біздерге берген алғашқы сабағы мынау деп түсіндім: туғаныңнан саған берілгеннің барлығына риза бол. Егер саған дәл қазір бірдеңе жетіспесе де ризашылық таныта біл.  Туған-туыстарыңның, таныстарыңның және саған бейтаныс адамдардың тарапынан тарыдай қамқорлығын таудай көріп, алғыс айт. Қамқорлық ешқашан елемеуге тұратындай кішкентай болмайды, өйткені оның негізінде ғаламның шексіз Сүйіспеншілігі бар.

Егер біз үшін дұға ететіндерге,  қаржылық немесе басқа да қолдау көрсететіндерге, біздің әрқайсымызға бейбітшілік, бақыт және денсаулық тілейтіндерге, сонымен қатар  медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, еріктілерге, полицияларға, мемлекеттік қызметте жүргендерге, біздің өмірімізді жеңілдетуге өз үлестерін қосатындардың барлығына біздің әрқайсымыздың жүрегімізде алғыс сезімі қайта жаңғырса, сонда бірліктен туған жалпы күш-жігерімізбен біз қиындықтың бәрін еңсереміз!

Отбасымыздағы балаларымызды алғыс айтуға үйретейік. Бұл да дағды, сондықтан басқа дағдылар тәріздес ол да меңгеруді талап етеді. Балаларымызға алдымен өзімізге «Рақмет!» деуді, ұйықтарда «Қайырлы түн!» деп, оянғанда «Қайырлы таң!» деп тілек айтуды үйретейік. Уақыт өте келе олар бәріне және барлығына алғыс айтуды әдетке айналдырады: таң сәріден шуақ шашқан Күнге; түңгі аспанда жарқылдаған жұлдыздарға; арайлап атқан таңда сайраған құстарға… Бұл өмірлік маңызды әдетке айналған Алғыс – кез келген қасірет пен вирустардан қорғайтын сенімді қалқан және Жаратушы тумысымыздан әрқайсымызға сыйға тартқан қуатты магнит екенін ұмытпайық.

 

Ал енді, қымбатты достар, өзіңіз алғыс білдірген және сіздерге алғыс білдірген өз өміріңіздегі бақытты сәттермен бөлісулеріңізді сұраймын.

Сол кезде сіз не сезіндіңіз?

Балаларыңыз бен немерелеріңіз сіздерге жиі алғыс білдіре ме?