Коронавирус сабақтары. 2- сабақ. Қамқорлық

                                                                                  Хожамуратова С.Г.,

Халықаралық ақпараттандыру

                                                                            Академиясының академигі,

                                                                               «МИР через ДУХОВНОСТЬ»

                                                               Қоғамдық бірлестігі

Біз бір-бірімізбен алғыс айту тәжірибесімен алмасып, жылулық пен қуаныш сезімдеріне бөлендік.

Алғыс айту себебі неде?

  • Қамқорлықта, – дейсіз сіз әрине. Иә, ол солай. Ендеше қамқорлық – коронавирустың екінші сабағының тақырыбы.

Қамқорлық дегеніміз не?

– Терең ойлана келе, мен қамқорлық түсінігі оңай емес дегенге келдім.

Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, көшпенді жапан далада шөлден қаталап өлгелі жатқан жолаушыны жолықтырса, ешқашан түйесімен жанынан желіп өте шықпаған. Ол жолаушының шөлін қандырып, аш қарнын тойдырып, маңында әрдайым адамдар болатын жақын жердегі құдыққа дейін жеткізіп салады. Сосын әрі қарай жол тартады… Осыған ұқсас мыңдаған жағдайлар «Егер сен адамды кезіктірсең, оны қуант: бәлкім, оны соңғы рет көріп тұрған боларсың» деген дала заңына сыйғызылған. 

Бұл заң ата-аналарымыз үшін де айнымас заң болған еді. Олар өздерінің қарт ата-аналарына, туған-туыстарына, жора-жолдастарына, айналасындағы барлығына қамқорлық жасай отырып, біздерді де соған кішкентайымыздан баулыған. Қолдағы барымызды беріп, бөлісу – бұл ұлтымыздың генетикалық кодында сақталған заңдылық десек те болады. Сондықтан да біздің ортамызда бүгін де «Атымтай-Жомарт» адамдар баршылық екеніне шүкіршілік танытып, іштей алғыс білдірудеміз.

Бірде көзі соқыр адамның қайыр сұрап отырғаны туралы түсірілген бейне материал мені қатты тебірентті. Бейнефильмнен бұл қарт адам күнделікті қайыр сұрап, сонымен ғана әрең күнелтіп жүргенін көруге болады.  Өз жұмыстарымен әлде қайда асығып бара жатқан адамдардың көпшілігі бұл мүсәпірді мүлдем көзіне ілмеген де сияқты. Қайыр бергендердің өзі тиынды ойланбай автоматты түрде қорапқа тастай сала үнсіз өте шығып жатты… Бір кезде өтіп кетіп қайта оралған бір адам, өзі сияқты немқұрайлы болып өтіп бара жатқандардың жүректеріне жететін бір қарапайым сөйлеммен қайырды қайырымдылыққа айналдыра білді… Қамқорлыққа ұласқан мейірім нөсері қартты таң қалдырды… Осыны көріп отырып:

Қай кезде қамқорлық қайыр беруден мейірімділікке дейін жоғарылай алады?

деген ой мені дүр сілкіндірді. Мен көп жылдар бойы қайырымдылық акцияларының бірнешеуіне қатыса жүріп, қайырымдылықты тек қаржы қосып, қатысу жеткілікті деп соншама жеңіл түрде түсініп келгенім өзімді таң қалдырды. Сол сәтте жылдар бойы түсіне алмай жүрген  анамның бір батасы да есіме қайта келді.

… Мектепті бітірер жылы болар, мен қала көлеміндегі өткізуге жоспарланған бір қайырымдылық акциясының ұйымдастыру кезеңіндегі іс-шараларға қатысқаным туралы анама айтып, шамасы мақтау күткен сияқтымын. Мені мұқият тыңдап алып, анам: «Қамқорлық – өзіңе қызмет етудің бақытты мүмкіндігі», – деді. Мен мұны мадақтау ретінде қуана қабылдадым. Ал, уақыт өте келе анамның бұл сөзін еш ұмыта алмай жүргендігімнен, мен оның түбінде әлі де аша алмаған терең мағына бар екенін түсіне бастадым…

Бір жылдары «Мир через Духовность» Республикалық қоғамдық бірлестігіміздің дәстүрге айналған түрде Қарттар үйіне барған кезіміз еді. Шыны керек, Балалар үйіндегі, Қарттар үйндегі жасалған біздердің әрбір акциямызға қатысу мен үшін жылдан-жылға қиын соға бастаған болатын. Көзі жәудіреген бейкүнә балаларды немесе көздерінен қуаныш нұры кеткен қарттарды көргенімде мен де жүрегімді бойлаған жанашырлық өткір сезімді бірнеше күн баса алмайтынмын… Бұл сезім мені шарасыздыққа алып келетін…

Осы жолы да барлығы әдеттегідей басталды: әр палатаға әкелген тәттілерімізді үлестірдік, төсек тартып жатқандардың жанында біраз отырып, әңгімелестік. Біреулері біздерді танып, қуанып та қалды, содан акт залында Бірлестік мүшелерінің, олардың балалары мен немерелерінің қатысуымен концерт басталды. Соңында орында отырғандардың барлығы билеуге шығатын. Кенеттен менің көзіме алдында ғана мүгедек арбасында отырған орта жастағы бір адам түсті. Ол залдың ортасында тізерлеп тұрғанына қарағанда оның тізеден төмен аяғы жансыз екенін түсіндім. Осыған дейін айналасында болып жатқанға еш қызуғышылық танытпай отырған кісі, енді музыка ырғағына қосыла тербеліп қолдарын бұлғақтата жөнелді. Тұла бойынан қуаныш пен бақыт нұры айналаға таралғаны соншама, менің әдеттегі аяушылық пен мұң сезімім кенеттен өзінен-өзі ғайып болып, әлгі кісінің жанына барып мен де өзімді шынайы бақытты сезіндім. Міне, осылай мен – тәні сау – адам жаны сау адамнан керемет сабақ алдым.

Қызығы, ертеңіне Ғалам менің кешегі алған сабағымды қаншалықты меңгергенімді тексергендей болып, маған жүруге таяқшасы да көмек бермей қалған аяғын әрең басып келе жатқан әжені жолықтырды. Мен жүгіріп барып дереу оны қолтықтай түстім. Ол өзінің емханаға бара жатқанын айтты, біз бірге әңгімелесе жүріп, баспалдақпен екінші қабатқа да жүріп жеттік. Кенеттен мен бойымдағы үлкен өзгерісті байқап таң қалдым: қауқарсыз қарт әжейдің жанында өзімді бұрынғыдай азапты күйде сезінбей келемін, әңгімеміз болса әзіл аралас көңілді… Менің тағы байқағаным: әжей де қауқарлана түсіп, бойын мейлінше ширақ ұстап, көзінде жастық оты ұшқындады. Дәрігер қабылдауына алған кезегін күтіп отырғанымызда біз көптеген ортақ әңгіме тауып, бұрыннан таныс адамдар секілді қоштастық.

Сол кездегі менің түсінгенім: шынайы қамқорлық біреудің әлсіздігін білдіртіп кемітпеу керек. Ол сені де, сен қамқорлық жасаған адамыңды да қанаттандырып, одан әрі мейірлендіре түсетін қуат беруі тиіс. Сонда жылы жүрек және таза ниетпен нәрленген қайырымдылық мейірімділікке дейін жоғарылай алады. Ал, анамның баяғы өсиетінің мәні де осы екен. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан даналық екен. Осылайша, қамқорлық дегеніміз – жалпығаламдық ұғым, сүйіспеншілік энергиясының айқын көрінісі екенін де түсіне бастадым. Сондықтан да біз туылған сәттен бастап, сонау көз жұмғанымызша қамқорлықты беру мен оны қабылдауды қажет ететіндігімізді. Үйі жоқ жандарға тамақ жасап тарату, азық-түлік сатып алып үлестіру, жалғыз басты аналарға немесе жалғыз тұратын зейнеткерлерге, көпбалалы аналардың үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасау – сол қажеттіліктің айқын көріністері екенін.

Осы күндері мен елімізде біздің Бірлестігіміз сияқты клуб, бірлестік, ассоциациялардың көп екеніне көзім жетті. Сіздер түрлі газеттер, теледидардан олар тұралы жиі естігендеріңіз бар ма?! Жоқ шығар, себебі шынайы қамқорлық жарнама мен шулы атақтарды қажет етпейді. Өйткені шынайы қамқорлық жүрекпен жүректі жалғастырады. Өзіне, айналасындағы адамдарға, еліне деген сенім тудырады. Бұл сол адамдар үшін ең бастысы…

Сүйіспеншілік – ол түсінушілікпен қабылдау, көмектесу, кешіру, кеңпейілділік таныту, жомарттық және т.с.с. түрде айқындалады. Бірақ біздер шынайы сүйіспеншіліктің кейде өзін қатаң түрде  танытуға мәжбүр болатынын де білеміз.  Неге? – Өмір заңдылықтарына бейімдеуге. Не үшін? – Өмір қауіпсіздігі үшін. Бүгінгі таңда соны түсінуге не көмек береді? – Мін табу, шағым айту, реніш пен өкпелеуден арылу. Бұлардан арылу неге маңызды? – Бұлар ментальды деңгейде эмоционалды агрессия түрінде жинақталады да, тәндік деңгейдегі ауру және қиыншылықтар түрінде өзімізге қайтып оралады. Бұл қиыншылықтарды болдырмау немесе жеңілдетуге болар ма екен? – Болады. Жүрегімізді тазалай отырып, ол сүйіспеншілік мекені екенін ұмытпау арқылы. Ойымызды тазарта отыра, оның әлемді түсініп-танудың негізі екенін ұғу арқылы. Ғасырдан ғасырға бүкіл адамзат даналарының айтып келгеніндей, адамзат жаратылысының ерекше белгісі – ол әлемді сүйіспеншілікпен тану. Осыны қарапайым түрде түсінудің өзі, қарапайым сабырдың өзі жарқын болашағымызға сенім арттырып, барлығымызды жігерлендіреді.

Иә, қиыншылықтарды болдырмау және жеңілдетуге болады, егерде  әрбір күнімізді сүйіспеншілікпен бастап, сүйіспеншілікпен өткізіп, сүйіспеншілікке толтырып аяқтасақ. Айналамыздағыларға әрдайым қол ұшымызды беріп, ешкімге кесір тигізбесек. Ендеше, шынайы сүйіспеншіліктің айқыны – қамқорлықты – тереңінен түсіне білейік. Бұл да игеруді қажет ететін дағды. Әрбір жағдаят біздерге өмірлік сабақ болып келіп, ішкі мінсіздікке жетелейді. Біздерге мықтылығымызға сай жүк беріледі. Сондықтан шағым айтудың орнына алғыс айтуды үйренейік. Түсінгендерімізбен осылайша бөлісе алайық.

Ал, енді, қымбатты достар, өзіңіз қамқорлық жасаған немесе сізге қамқорлық жасаған кездегі бақытты сәттеріңізбен бөлісуге шақырамын.

Сол кезде сіздер қандай сезімде болдыңыз?

Балаларыңыз бен немерелеріңіз, жақындарыңыз сізге қамқорлықты қаншалықты жиі жасайды?